Home Басты жаңалық Әлия Назарбаева мемлекеттік сыйлық берген әкесіне алғыс айтты

Әлия Назарбаева мемлекеттік сыйлық берген әкесіне алғыс айтты

2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болған Әлия Назарбаева Қазақстан президентіне ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Ақордада өткен салтанатты жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі сала өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ, 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты табыстады. Мемлекет басшысының кенже қызы Әлия Назарбаева да өзі продюсерлік еткен «Анаға апарар жол» фильмі үшін мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Салтанатты марапаттан кейін Назарбаева Елбасыға алғысын білдірді.

«Біз, «Анаға апарар жол» фильмінің авторлары, мемлекет басшысы табыстаған жоғары награда үшін ризамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлкен рақмет. Фильмде халқымыздың қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін көрсеткіміз келді. Бірақ, осыған қарамастан қазақ халқы рухани құндылықтарын, тектілігін, үлкенге деген құрметін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі жоғары марапат біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды көрсетті», — деді Назарбаева журналистерге.

Ол кинокартинаның жоғары бағаланғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Бүгін Елбасы айтқандай: Сынды ешкім жақсы көрмейді, ал награда алған бәріне ұнайды». Сондықтан, мен жобамыздың жоғары бағаланғанына мақтанамын», — деді Әлия Назарбаева.

Сондай-ақ, ол режиссер Ақан Сатаевпен бірге түсіріп жатқан «Томирис» фильмі келесі жылдың мамырында экранға жол тартатынын атап өтті.

«Осымен тоқтап қалмаймыз деген ойдамын. Еліміздің атын әлемге шығаратын сапалы картиналарды келешекте де түсіре береміз», — деді ол.

Айта кетсек, «Анаға апарар жол» толық метрлі көркем фильмі үшін қоюшы режиссер Ақан Сатаев, сценарий авторы Тимур Жақсылықов, ана рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек пен Ілиясты сомдаған Әділ Ахметов те мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Check Also

Шыдамдылық пен ұстамдылықты балалардан үйренуіміз керек – омбудсмен Айтпаева

2019 жылы 16 мамырда Сенат депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі …