Сенат, Тоқаев, Заң, Жаңалықтар
Home Саясат Қасым-Жомарт Тоқаев: Отандық заңнаманы жетілдіру керек
Саясат - 24.12.2018

Қасым-Жомарт Тоқаев: Отандық заңнаманы жетілдіру керек

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының 2018 жылғы қорытынды отырысы болды. Палатаның 27 желтоқсанда болатын кезекті отырысының күн тәртібі келісілді, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Сенаторлар Қазақстан мен Хорватия арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық келісімді және оған Хаттаманы; Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы; еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік-аумақтық құрылыс және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; заңнамалық актілерге меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қарайтын болды.

Бюро мүшелері сондай-ақ Сенаттың 2019 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті және халықаралық парламенттік ұйымдардағы және шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық топтарындағы Сенат депутаттарының құрамын жасақтады. Парламент Сенаты мен Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Республика кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы Инновация саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кіші комиссияны құрды.

Қ.Тоқаев өтіп бара жатқан жылды қорытындылай келіп, Сенат жыл ішінде жоспарлы әрі мазмұнды жұмыстарды атқарғанын атап өтті. Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды заң жобалары уақытылы қабылдады. Сенат отырыстарында 80 заң жобасы қаралып, олардың 72-сі қабылданды, ал 8-і Мәжіліске қайтарылды.

Сенат жыл ішінде өзекті тақырыптарға арналған жетпіске жуық маңызды шаралар өткізді, олардың нәтижесінде атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Сенат Төрағасы сондай-ақ, Палата депутаттары атынан Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолданғанын айта келіп: «Сауалдарға берілген жауаптардың басым көпшілігіне депутаттардың көңілі толмай отырғанына Үкіметтің назарын аударған болатынбыз», – деді.

Алдағы жылы Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған маңызды заң жобаларының топтамасы түсетіні айтылды.

«Біз жұмысымыздың сапасын одан әрі жақсартып, отандық заңнаманы жетілдіре беруіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз», – деді Сенат басшысы.

Check Also

Асқар Мамин: Жұмысшылардың құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу керек

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірлері…