Home Көзқарас Қайрат Жолдыбайұлы: Орамал таға алмағаны үшін қыздарын шетелге оқытуға жіберіп жатқандар бар
Көзқарас - 05.09.2018

Қайрат Жолдыбайұлы: Орамал таға алмағаны үшін қыздарын шетелге оқытуға жіберіп жатқандар бар

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Қазақстанның Түркістан облысында орын алған «орамал дауына» қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Newsasia.kz ақпарат агенттігі.

– Орамал тағу діни парыз. Бұған теологиялық тұрғыдан ешкімнің таласы жоқ. Кімдерге? Балиғат жасына (14 жас) жеткен қыздарға. Ендеше, әлі балиғат жасына жетпеген кішкентай бүлдіршіндерге орамал тақтырып қоғамды дүрліктіру дұрыс емес. Ал балиғат жасындағы діни міндетті атқарғысы келетін қыздарымызды не істейміз? Олардың діни нанымын қайтеміз? Мәжбүрлеп шештіреміз бе? Әлде жоғарғы сынып оқушыларына рұқсат беріп, жастарына сай жарасымды етіп, арнайы киім үлгісін бекітеміз бе? – деп жазды исламтанушы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жолдыбайұлының айтуынша, Қазақстанда орамал таға алмағаны үшін шетелге оқытуға қыздарын жіберіп жатқандар бар көрінеді. 

– Жоғарғы оқу орнында оқитындарға рұқсат беріп, мектептегі жоғарғы сыныптағыларға тыйым салуымызға құқықтық қандай негіз бар? Бірыңғай форма негіз бола алады ма? Ата заңдағы наным сенім бостандығын қайда тығамыз? Орамал таға алмағаны үшін шетелге оқытуға қыздарын жіберіп жатқандар бар. Осында қалып билікке ренжіп жүргендер қаншама? Мұның дұрыс шешімі қайсы? Ауғанстанға ұқсамаудың жолы балиғат жасындағы қыздарымыздың орамал тағып- тақпауында болмаса керек. Мәселе санада! Дұрыс діни білімде. Орамал мәселесі әлі талай алдымыздан шығып, әлі талай басымызды ауыртатыны сөзсіз», – дейді ол өз жазбасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін біз Түркістан облысы Мақтарал ауданы Фирдоуси ауылында 1 қыркүйекте хиджаб киіп келген оқушыларды мектеп басшылығының кіргізбей қойғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Newsasia.kz

Көрнекі сурет «Азаттық радиосы» сайтынан алынған

Check Also

Желіде Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны шықты

Димаш Құдайбергеннің су жаңа Couldn’t Leave («Кете алмаймын») атты әні жарық көрді, ол Қыт…