Home Қоғам Қазақстан 120 жауынгерін Ливандағы операцияға аттандырады
Қоғам - 03.09.2018

Қазақстан 120 жауынгерін Ливандағы операцияға аттандырады

Келер айдан бастап қазақстандық 120 жауынгер Үндістан қарулы күштерімен бірігіп, қақтығыстарды болдырмауға қатысты шараларға атсалысады.

Елбасының саяси үндеуінде Қазақстанның БҰҰ-ның миссияларында бақылаушылары мен бітімгерлер санын арттыруға ниеті айтылған еді. Осы кезден бастап Қазақстан жүйелі түрде бұл бағытта жұмыс істеп келді. Әскери контингентіміздің географиясы кеңейді. Парламент БҰҰ-ның 5 миссиясына қатысуға бекінді. Бұл – Ливан, Кипр, Үндістан мен Пәкістан және Батыс Сахарадағы бітімгерлік операциялар.

Қайрат Омаров, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі:

– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысы аясында алғаш рет бітімгерлеріміздің миссиясын Ливанға аттандырайын деп отырмыз. Сарбаздарымыз Ливандағы Үндістан контингенті құрамында болады. Бұл – тарихи оқиға. Қазақстан өзге елдегі бітімгерлік операцияларға белсенді түрде қатысуға мүмкіндік алып отыр.

БҰҰ – еліміздің бітімгерлік әрекетін кеңейту мақсатындағы жүйелі жұмысын құптап отыр. Ұйым басшылығы да Қауіпсіздік кеңесі отырыстарының бірінде, Орталық Азияда бітімгерлік хабына айналу жолындағы еліміздің сындарлы саясатын ерекше атап өтті.

Қайрат Омаров, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі:

– Қазіргі кезде жабдықталуы мен дайындығы, шет тілдерін білуі, ал ең бастысы қиын жағдайда қызмет етуге қабілеті мен адам құқықтарын сақтау жөнінде контингенттерге қойылған талаптар күшейіп жатыр. Қазақстандық бітімгерлер миссиясы алғаш рет ділі бөлек өзге елмен серіктестікке қатысады. Бұл жаңалық инновация болып отыр және мұны БҰҰ қолдады.

Қазақстандық бітімгерлер шетел батальоны құрамында алғаш рет қызмет атқарады. Бұл еліміздің қарулы күштеріне, гуманитарлық операциялардағы әскери қызмет дағдысын үйренуге және соғысқа қабілеттілігін сынау мүмкіндігін береді. Яғни қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне тойтарыс беру үшін қажет.

Дереккөз: 24.kz

Check Also

Сапарбаев: Кейбір отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтатамыз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік жәрдемақыны з…