Тоқаев, Сенат, 2018 жыл, Қорытынды
Home Басты жаңалық Тоқаев: 2019 жылы заң шығару жұмыстарының қарқыны арта түседі

Тоқаев: 2019 жылы заң шығару жұмыстарының қарқыны арта түседі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының 2018 жылғы қорытынды отырысы болды, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Палата «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» конституциялық заңды қабылдады.

Заң Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында әзірленген болатын. Жарлыққа сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды, ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды және оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.

Заңмен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға түзетулер енгізу көзделіп отыр. Енгізілетін өзгерістер редакциялық сипатқа ие. Атап айтқанда, «республикалық маңызы бар қала және астана» және «Алматы және Астана қалалары» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар және астана» сөздеріне ауыстыру ұсынылады.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Түзетулер 11 кодекс пен 44 заңға енгізіледі. Мәселен, Салық кодексінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Шымкент және Түркістан қалалары үшін салық мөлшерлемелері өзгереді. «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңдағы Түркістан облысына қарасты 12 ауылдық округ тұрғындарын әлеуметтік қорғау шаралары сақталады.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Экономикалық тергеу қызметін Мемлекеттік кіріс комитетінен Қаржы министрлігіндегі Қаржы мониторингі комитетіне беру туралы түзету енгізілді. Заңды қабылдау Шымкент қаласы мен Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңа сипатта одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Сенат жан-жақты талқылау мен бірқатар сын-ескертпелерден кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл құжат арқылы 42 заңға, оның ішінде 11 кодекске түзету енгізу көзделіп отыр.

Заңда банктің қарыз шарттары бойынша тараптардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз етуді көздейтін ережелер белгіленген. Атап айтқанда:

– жеке тұлғалармен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жасалатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес банктік қарыз шарттары бойынша банктерге банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салуды;

– жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес және жылжымайтын мүлік кепілімен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыз шарты бойынша банктерге негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткеннен кейін есепке жазылған сыйақыны төлеуді талап етуге тыйым салуды көздейді.

Заңмен «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға жер учаскесін және өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде тең бағамен өтеу шарттарын, сондай-ақ жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты тең бағадағы жер учаскесін немесе жылжымайтын мүлікті беру шарттарын көздейтін толықтырулар енгізіледі.

Сенат Қазақстан мен Хорватия арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық келісімді және оған Хаттаманы ратификациялады. Келісім инвестицияларға қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстан мен Хорватия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуге арналған.

Палата сондай-ақ Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

Индустрияландыру және инвестиция саласындағы Қазақстан-Қытай бағдарламасын іске асыруды қолдау мақсатында Келісімде дивидендтер түріндегі Қор кірістерін салық салудан босату көзделген. Дивидендтер түріндегі Қор кірісін салық салудан босату Қордың Жобаларға тікелей қатысуына қатысты ғана қолданылады. Келісім Қытай аумағында осындай бірлескен Қорды ұйымдастыру кезінде дивидендтерге қатысты осыған ұқсас салықтық жеңілдіктер беруді көздейді.

Отырыс барысында сенаторлар Үкімет атына депутаттық сауалдарын жария етті. Атап айтқанда, сенатор Дариға Назарбаеваның сауалы мемлекетке тән емес міндеттерді бәсекелестер ортасы мен өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге қатысты болды. Депутат Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысындағы Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуын тергеуге байланысты алаңдаушылық білдірді.

Отырысты аяқтай келіп, Қ.Тоқаев Сенаттың 2018 жылғы жұмысын қорытындылады. Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы 2018 жыл қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалармен тарихта өзінің лайықты орнын алатынын атап өтті. Депутаттар корпусы Президент Н.Назарбаевтың халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы маңызды бастамаларын іске асыру жұмысына белсене қатысты.

Сенат Төрағасы 2018 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде жемісті жұмысын жалғастырғанын, Елбасымыз негізін қалаған әсем елордамыз – Астананың мерейлі 20 жылдығын кең ауқымда атап өткенімізді, Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша конвенцияға қол қойылғанын, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы басталғанын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VI Съезі өткенін, сондай-ақ еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысында өзгерістер болғанын атап өтті.

«Бүкіл түркі жұртының рухани орталығы Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі – Елбасының ел мерейін арттырған стратегиялық әрі тарихи шешімі екендігі даусыз», – деді Қ.Тоқаев.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызы аталып өтілді. Сенат Төрағасы: «Тамыры тереңге бойлаған мақалада біздің ұлттық тарихымыздың мән-маңызы, оның әлем тарихындағы орны мен жаһандық өркениетке тигізген ықпалы жан-жақты сарапталды», – деп атап өтті.

Сенат жыл ішінде Елбасы ұсынған реформаларды заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Парламент биыл 80 заң қабылдады, қабылданған заңдардың 30-ға жуығы Елбасының нақты тапсырмаларын орындауға бағытталды. Қ.Тоқаев атап өткендей, «сенаторлар заң жобаларының басым көпшілігін қысқа мерзімде жан-жақты мұқият қарастырып, көптеген маңызды түзетулер енгізгенін атап өту қажет».

Сенат депутаттары қоғамымыздағы ең өзекті мәселелер бойынша Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады. Өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды шаралар өтті. Олардың ішінде парламенттік бақылаудың тиімді формасы болып табылатын парламенттік тыңдаулар болғанын атап өткен жөн. Сенат Төрағасының пікірінше, парламенттік тыңдаулардың нәтижесі бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді. Палатаның халықаралық қызметі еліміздің сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге бағытталды.

Алдағы 2019 жылға жоспар туралы айта келіп, Қ.Тоқаев келер жылы Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған маңызды заң жобаларының топтамасы келетінін айтты. Сенат Төрағасы заң шығару жұмысының қарқыны арта түсетініне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа жылдың басында Парламентте 50-ден аса заң жобасы бойынша жұмыстар жүзеге асады. Олардың 10-ы қазірдің өзінде Сенатта.

Қ.Тоқаев 2019 жыл Елбасының ұсынысымен жастарға арналатынын айта келіп, депутаттарды алдағы жылы қолға алынатын маңызды шараларды заңнамалық қамтамасыз етуге белсене қатысуға шақырды. Оның айтуынша, жастарға пайдалы білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру және олардың мәдени, рухани деңгейлерін көтеру мәселелеріне байланысты ауқымды шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. «Жастар жылын атап өтуде формалдық көзқарастан аулақ болуымыз қажет, тиісті іс-шаралар еліміздің игілігіне қызмет етуі керек», – деді Төраға.

Check Also

Шыдамдылық пен ұстамдылықты балалардан үйренуіміз керек – омбудсмен Айтпаева

2019 жылы 16 мамырда Сенат депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі …