Home Басты жаңалық Нұртай Әбіқаев: Қанат Ислам – қазақтың көк туын биікке әуелетіп жүрген азамат

Нұртай Әбіқаев: Қанат Ислам – қазақтың көк туын биікке әуелетіп жүрген азамат

«Отандастар» Қоры Президенті Нұртай Әбіқаев пен Дүниежүзі қазақтар Қауымдастығы (ДҚҚ) Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков белгілі кәсіби боксшы, бірінші орта салмақтағы WBA Fedecaribe, WBA Fedelatin және WBA InterContinental, WBO NABO, WBO Intercontinental титулдық атақтарының иегері Қанат Исламмен кездесті.

Бұл туралы newsasia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесу барысында Нұртай Әбіқаев 16 желтоқсанда Астана қаласында Қанат Ислам құрған промоутерлік компания ұйымдастырып жатқан кәсіпқой бокс кешінің сәтті өтуіне тілек білдірді. Турнирдің басты кездесуі – спортсүйер қауымға «Қазақ батыры» деген лақап атпен белгілі қытайлық қандасымыз Елшат Нығыметоллаұлының WBC ASIA чемпиондық титулы үшін жекпе-жегі екен. Қанат Исламның айтуынша, бұл Елшаттың тарихи Отанында алғаш рет жұдырықтасуы болмақ.

Нұртай Әбіқаев Қанат Исламға Елбасы тапсырмасымен шетелдік және елге оралған қандастарды қолдауға бағытталған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттерін таныстырып, алдағы жылға жоспарларымен бөлісті. Қордың басшысы әйгілі спортшыны ортақ мүдде тұрғысында еңбек пен күшті біріктіруге шақырды.

НҰРТАЙ ӘБІҚАЕВ, «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Отандастар» Қорының қазіргі мақсаты – жастармен тығыз жұмыс істеу. 2019 жылды Елбасымыз Жастар жылы деп жариялады. Өз кезегінде, барша қазақ жастары өзіңді аға деп біледі, ерек сыйлайды. Оларға ел мүддесін жоғары қойған ұстанымыңмен, өмірлік тіршілігіңмен, спорттық жолыңмен, адамгершілік құндылықтарды насихаттауыңмен, салауатты көзқарасыңмен үлгісің. Қазақтың көк туын биікке әуелетіп жүрген азаматсың. Елбасы айтқан ұлттың бірігуі тұрғысында да әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған қандастарымызды бір шаңырақтың астында ұйыстырып жатқан еңбегің орасан. Біздің «Отандастар» Қорының өзіңдей азаматтармен мүдделеріміз ортақ. Сондықтан, осы бағытта күшімізді біріктірсек, бірге еңбек етсек, алынбайтын төбе, бағынбайтын қамал жоқ деп білемін».

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков белгілі боксшы, әлем чемпионы Қанат Исламға Қауымдастықтың мүшелік билетін табыстады.

ЗАУЫТБЕК ТҰРЫСБЕКОВ, ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Отандастар» дейтұғын Қор тек қазақтар емес, көңілі Қазақстанға бұрып тұратын дүние жүзіндегі барша азаматтардың Қоры деуге негіз бар. Енді ғана тәй-тәй басып жатқан ұйым. Мақсатымыз ортақ болғандықтан, өзің де үлес қосады деп сенеміз. Себебі жастардың арасында сендік абырой өте биік. Боксшылар әлемде аз емес, бірақ жастар арасындағы бірегейі кім дегенде, бірінші болып өзіңнің атың аталады. Қанат бауырыммен бұл кездесуді – тарихи кездесу деп білем».

Қанат Ислам орын алған кездесу мен ДҚҚ мүшесі атағы үшін алғысын білдіріп, өз кезегінде Тәуелсіздік күніне орай Астанада өтетін бокс кеші туралы айтып берді. Турнирдің ұйымдастырушысы – Қанат Ислам құрған «Qazaq promotions» промоутерлік компаниясы. Боксшының айтуынша, рейтингілік ұпайлар үшін алыс-жақын шетелдерден келген қарсыластармен Айдар Шарыбаев, Асхат Уалиханов, Абылайхан Құсайынов, Руслан Мырсатаев сынды қазақстандықтар жұдырықтасатын болады.

«QAZAQ PROMOTIONS» компаниясы Американың ірі промоутерлік компанияларымен бірлесіп, ауқымды бокс кештерін ұйымдастырумен айналысады. Шетелде биылғы көктемде ғана ашылғанымен, Қазақстанда компания екі жылдан бері жұмыс істеп келеді.

ҚАНАТ ИСЛАМ:

«Осындай ауқымды бокс кештерінің арқасында қаншама қазақ боксшылары ел алдына шығып, өнерін көрсете алады. Інілерімнің де жұдырықтасып, танылып, талай белесті бағындыруын қалаймын. Промоутерлік компаниямның негізгі мақсаты да осы. Мүмкіндік барда, жастарды қолдау керек деп есептеймін».

Check Also

«Мына әкімдер қауіпті»: Иманғали Тасмағанбетовті Ресейдегі «айдаудан» алдыру керек – Қазыбек Иса

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАРДАҒЫ ҚАУІПТІ ӘКІМДЕР Қазақ Елі осыдан 28 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын біл…