Home Қоғам Неге Өскемен, Семейдің көпбалалы аналарына автобустарда жеңілдік жоқ?
Қоғам - 11.12.2018

Неге Өскемен, Семейдің көпбалалы аналарына автобустарда жеңілдік жоқ?

Павлодарда көпбалалы аналар қоғамдық көліктерде тегін қатынайтын болды, деп хабарлайды altaynews.kz

– Батыр аналар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері жеңілдікке ие болғанын растайтын құжатты көрсетіп, қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Олар үшін бюджеттен ақы төленбейді. Сондай-ақ балаларының жасы есептелмейді. Балалары қанша жаста болса да, мейлі, – осындай қорытынды сөз айтылды Палодар қалалық мәслихатының кезектен тыс отырысында.

Қазинформ келтірген мәліметке сүйенсек, Павлодарда 1220 көпбалалы ана бар екен.

Ал бізде ше? Өскемен мен Семейде көпбалалы аналарға мұндай жеңілдік бар ма? Қос қаланың жауапты бөлімдерінің мамандарымен телефон арқылы тілдескен едік.

– Батыр аналар мен «Алтын алқа» иегерлеріне тек қана шағын автобустарда жеңілдік қарастырылған, – деді Өскемен ТҮКШ бөлімі тасымалдау және жол қозғалысын ұйымдастыру секторының маманы Анар Төлеуханқызы. Маманның айтысынша, «Күміс алқа» иегерлеріне жеңілдік жоқ.

Ал Семейдің «алтын», «күміс» аналарына мүлде жеңілдік қарастырылмаған екен. Бұл туралы қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Айжан Жұманова айтты.

Көршілес аймақ Керекудің жақсы тәжірибесін бізге енгізуге бола ма? Облыстың басты қалаларының көпбалалы аналарына неге барлық қоғамдық көлікте жеңілдік қарастырмасқа? Өскеменнің шағын автобустары бәріне жете ме әлде? Деген сұраулардың осы тұста бас көтеруі заңды әрине.

Айтпақшы, екі қаладағы көпбалалы аналардың санын білу мүмкін болмады. Облыстық статистика департаментінен бастап, қалалық әлеуметтік қорғау бөлімдеріне дейін түсіп телефон шалдық. Статистиканың құлағында отырғандар «бізде бұл туралы ақпарат жоқ» десе, қалғандары бір-біріне телефон жалғап «официальный хат жазыңыз. Үш күні ішінде жауап береміз» деуден бір танбады.

Сондай бір телефон арқылы жасаған «саяхат» барысында соңғы тілдескен адамымыз Фариза Мырзабекқызы (зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық маманы) болды. Ол да бізді келесі бір телефон нөмірге қосатындығын айтты…

Павлодарда мыңнан астам көпбалалы ана болғанда, облысымыздағы қос қалада одан екі есе артық болар деп жорамалдадық, амалсыз.

Check Also

Асқар Мамин: Жұмысшылардың құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу керек

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірлері…