Home Басты жаңалық Жаңа жылдың ескі жырын Елбасы да еститін кез келді – Азамат Тасқараұлы

Жаңа жылдың ескі жырын Елбасы да еститін кез келді – Азамат Тасқараұлы

Еліміздің ең елеулі мерекесі – Тәуелсіздік күні жақындап келеді. Бабалардың қанымен, аналардың көз-жасымен келген ұлық мереке – ел Тәуелсіздігі күні – әрбір иісі қазақ үшін ерекше қастерлі. Алайда жылда осы бас мерекеміз Жаңа жылдың тасасында қалып қоятыны бар. Қалып қоюының басты себебі – ел басқарған шенеуніктердің ұлттық санасының жаңғырмауында шығар?..

Жаңа жылдың жыры да талайдан бері толғап келе жатқан ескі жыр болды. Тәуелсіздік күні өтпей Жаңа жылға дайындықты бастамау керектігін санасы бар әкім, елім деген шенеунік ескеруі керек еді ғой. Өкінішке орай, ондайды көрмейміз. Көрсек те, сирек.

Тіпті, жаңа жыл шыршасын Тәуелсіздік күнінде жағуға құштар әкімді де көрдік. Ия, былтыр ғана Қостанай қаласында бұл мерекеге 18 миллион теңге бөлініп, дайындық 1 желтоқсанда басталғаны былай тұрсын, қасарысқандай дәл 16-желтоқсан күні Жаңа жыл шыршасын жағамыз деп салтанатты түрде әкімдік қызметкерлері «кеуде қақты» емес пе?

«16 желтоқсанда сағат 12:00-де облыстық әкімшілік алдында концерттік бағдарлама өтеді. Осы күні кешке басты шырша жағылады. Бұған қоса, Гашек көшесі мен КСК шағын ауданында тағы екі шырша орнатылады. Тобыл өзенінің жағалауында сырғанақ тұрғызылып, орталықта мұз қалашығы бой көтереді», – деген еді сол кезде Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Мадиярова.

Жылда көретін «трагедиямыз» биыл тағы да қайталанды. Өңір-өңірде қыс басталысымен бәлен қарыс шыршалар тігіліп жатыр. Басқасын былай қойыңыз, бас қаламыз сондай үлгі көрсетіп отырса, қалғанынан не қайыр?

Былтыр елорданың әкімі болып тұрған кезінде Әсет Исекешев Тәуелсіздік күні өтпей Жаңа жылға дайындық басталмайды деп кесіп айтып еді. Сұлтанов сол елдік істі жалғастыруға шамасы жетпей жүр ме, кім білді?.. Үнсіз жатыр, әйтеуір…

«Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын», – деген еді Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында.

Біздің атқамінерлер халықтың ұлттық рухы оянып келе жатқанын, әсіресе, елдік мәселеде жас азаматтардың жалындап тұрғанын ескеруі керек. Соңғы кездері Тәуелсіздік күні өтпей Жаңа жылға дайындықтың басталуына жас нояндар қарсы шығып, өзінің тәуелсіз, азат ойларын білдіруде.

Оған мысал, кеше ғана «Астана емханасында Мемлекеттік тілде қызмет неге көрсетілмейді?» деп атой салып, ақыры бүкіл аурухананы қазақшаландырған, аурухана басшылығына Мемлекеттік тілге немқұрайлы қарағандары үшін елден кешірім сұратқан Мұқағали Балқыбаев бауырымыздың жазбасы бізді ерекше толғандырды.

«Астана мен Алматы қаласы және облыс әкімдеріне Тәуелсіздік күнінен Жаңа жыл шыршасы қымбат па?!. Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтан елорд да елден бұрын орнатылған Жаңа жыл шыршаларын алып тастауды талап етем!» – деп турасын айтты.

Бұл постты автордың фейсбук желісінің өзінде ғана 20 мыңнан астам адам көрді, ал ел білдіріп жатқан наразылық пікірлерде есеп жоқ…

Ел айтып жатыр… Елбасы да еститін уақыт болған секілді. Жаңа жылға жаппай қарсы болып жатқан ешкім жоқ. Тек, ұлық мерекеміздің шырша шамдарының жарығынан көрінбей қалатыны көңілге батады. Баяғыда бір өзбектің өзекті тұлғасы Қазақстанда Мемлекеттік тілді қолдауға қыруар қаржы бөлінетінін естіп, «Ақшаның не керегі бар, заң бар емес пе?» деп таң қалыпты. Сол секілді, осы екі мерекеге қатысты да ресми қағаздың керек-ақ болып тұрғаны…

Картинки по запросу азамат тасқараұлы

Азамат Тасқараұлы,

Newsasia.kz 

Check Also

Желіде Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны шықты

Димаш Құдайбергеннің су жаңа Couldn’t Leave («Кете алмаймын») атты әні жарық көрді, ол Қыт…