Home Қоғам Еркін Рақышев оқушыларға тегін мүшеқап тарату бастамасын сынға алды
Қоғам - 02.12.2018

Еркін Рақышев оқушыларға тегін мүшеқап тарату бастамасын сынға алды

Белгілі режиссер Еркін Рақышев Денсаулық сақтау министрлігінің мектеп оқушыларына тегін мүшеқап тарату бастамасын сынға алды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Оқушыларға тегін мүшеқап тарату нормасын халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізу жоспарлануда. Бұған дейін Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Айжан Есмағамбетова хабарлағандай, қазақстандық жасөспірімдер дұрыс ақпарат алмағандықтан контрацепция құралдарын пайдаланбайды. Шенеунік өз сөзінде, мектепте мүшеқаптың таратылуы бұл мәселені шешуі мүмкін екенін айтқан болатын.

Шенеуніктің мұндай сөзіне қарсы шыққан кинорежиссер «Министрлер, мұндай ақылдарыңды алдымен өз балаларына айтыңдар» – деп эмоцианалды жазба қалдырды.

– Бұл оқушы балаларға жыныстық қатынасқа ерте түсуді жарнамалайтын жол. Біздің салт-дәстүріміз, менталитетімізбен санаспай, оқушыларды азғындық, жаман жолға түсіретін жол. Дұрыс оқу-тәрбие беріп, тегін спорттық, тағы да басқа үйірмелер ашудың орнына, қазақ ұлтын жоюға, шет елден алған ақшаларыңды өтеу үшін жасап жатқан жұмыстарын, – деп жазды Рақышев фейсбуктегі парақшасында.

Еске сала кетейік, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Айжан Есмағамбетова 16 жастан бастап ата-ананың рұқсатынсыз жасөспірімдерге түсік жасауға рұқсат етілуі мүмкін екендігін де айтқан болатын.

Кейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев отандық телеарнаға берген сұхбатында ата-анасының келісімінсіз 16 жастан бастап абортқа рұқсат беру мәселесінде қоғам, сарапшылар мен мемлекет арасындағы диалогты дұрыс жолға қою керектігіне баса назар аударған еді.

«Шынында да, бұл – өте маңызды мәселе. Ол ұлт денсаулығына тікелей байланысты болғандықтан, мемлекет үшін бұл ретте өте салмақты шешім қабылдау маңызды. Мен мынаны айта кеткім келеді: біріншіден, аталмыш ұсыныспен Денсаулық сақтау министрлігіне БҰҰ ел халқы саласындағы Қоры шығып отыр. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені қоғамдық талқылауға шығарды. Азаматтардың пікірін елеп-ескермей аталмыш норма қабылданбайды. Министрліктің өзі парасатты диалогқа дайын және жуық арада бұл бастаманың барлық оң және теріс жақтарын жариялайтын болады», – деген еді Дәурен Абаев.

Newsasia.kz

Check Also

Желіде Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны шықты

Димаш Құдайбергеннің су жаңа Couldn’t Leave («Кете алмаймын») атты әні жарық көрді, ол Қыт…