Home Басты жаңалық Депутат халықтың ақшасына өзіне қалаған пәтерді сатып алатын әкімдерді сынап тастады

Депутат халықтың ақшасына өзіне қалаған пәтерді сатып алатын әкімдерді сынап тастады

«Ақ жол» партиясы шенеуніктерге қызметтік баспана беруді ретке келтіруді талап етті – тиісті депутаттық сауалды Мәжілістің пленарлық отырысында Меруерт Қазбекова оқыды, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

– Бір апта бұрын ғана Павлодарда аумағы 230 шаршы метр, құны 50 миллион теңгені құрайтын қызметтік пәтерге қатысты дау туған еді. Сондай-ақ, жалпы құны 226 миллион теңгені құрайтын бес пәтер сатып алынған. Белгілі болғандай, бұл алғаш тіркеліп отырған факті емес, «айсбергтің шыңы» ғана. Үстіміздегі жылғы қыркүйекте Атырау қаласының әкімдігі 58 миллион теңгеге жиһазымен қоса 5 бөлмелі тұрғын үй сатып алған. Ал Өскеменде екі элиталық тұрғын үй нысанына 82 милллион теңге жұмсалды. Оның бір топтамасы – бұл төбесі төрт метр биіктікке жететін, ауданы 260 шаршы болатын құны 45,3 миллион теңгелік бес бөлмелі пәтер болса, екіншісі – 210 шаршыны құрайтын 37 миллионға бағаланған төрт бөлмелі пәтер. Шымкенттің тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «аса» жайлы 5 қызметтік пәтер сатып алу туралы хабарландыру берген. Әр пәтерге 43 миллион теңгеден бөлініп отыр. Көкшетауда әкімдік 40 миллион теңгеге аумағы 145 шаршы метр 4 бөлмелі пәтер сатып алды. Ал Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім сарайын жөндеуге бюджеттен 24 миллион теңге бөлінген. Тағы бір әкім, енді Алматы облысы Жамбыл ауданының, кең паркингі бар, аумағы 180 шаршы метр баспананы 35 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған, – деген Мәжіліс депутаты бюджет қаржысына қалаған пәтерін сатып алатын шенеуніктерді сынап тастады.

Депутаттың сөзінше, еліміздегі барлық қаласы мен ауданында мұндай деректердің қанша екенін тек болжауға болады. Сол нысандардың қайсысы өз бағасымен сатып алынғанын, ал қайсысының жоғарылатылған бағамен қымқыру үшін пайдаланылғанын кім білсін.

– Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы бойынша дәл сол Павлодарда баспананың ең жоғары бағасы 15 миллион теңге болып бекітілген. Ал әкімдік пәтерді өзіне үш есе қымбат бағаға сатып алған, – деген Қазбекова Үкімет басшысы Б. Сағынтаевқа бірнеше талабын қойды.

1) Сатып алынатын қызметтік баспананың қарапайым ғана әдептілікті ұстана отырып, бюджет қаражатын ұқыпты пайдалануға сай келетінін анықтау үшін мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарға тексеріс жүргізу. Мұндай баспананы жеке пайдалануға беруде жекешелендіру жағдайы мен талаптарын да қоса ескерген жөн. Тексеріс қорытындысынан Парламент пен қоғам да хабардар етілсін;

2) Заң мен этика талаптары сақталмаған заң бұзушылық фактілері анықталса кінәлілерді жауапқа тарту;

3) Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік баспанамен қамтамасыз етудің қатаң критерийлерін бекіту. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасының параметрлерін негізге ала отырып немесе әр отбасы мүшесін тұрғын үй аумағымен қамту стандарттарын ескере отырып;

4) Ыңғайлы және кең тұрғын үй алғысы келген мемлекеттік қызметшілердің де құқығы қарастырылсын, мұндай жеке қалаулары өз қаражаты есебінен іске асырылсын.

Мәжіліс депутатының бүгінгі отырыста айтқан сөздері қазірдің өзінде қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде пікір қалдырушылардың көбі әкім-қаралардың бұл қылығын ысырапшылдық және халықтың қаржысын шашу деп бағалауда.

(Мақалада Павлодар қаласының әкімі Ә. Күмпекеев пен әкімдіктің 50 млн теңгеге сатып алған пентхаусының коллажы пайдаланған. Коллаж ғаламтордан алынды)

Check Also

Асқар Мамин: Жұмысшылардың құқықтарының кемсітілуіне жол бермеу керек

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірлері…