Home Басты жаңалық Браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспекторға «Халық қаһарманын» беру ұсынылды

Браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспекторға «Халық қаһарманын» беру ұсынылды

Ақбөкендерді қорғап, браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспекторға қазақстандықтар “Халық Қаһарманы” атағын беруді ұсынды. Сондай-ақ, ел тұрғындары ерлікпен көз жұмған инспектордың отбасына көмек ретінде ақша жинау туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Блогер Яков Федоров 2017 жылы ақбөкендер жайлы фоторепортаж түсіріп, сол шақта Охотзоопром инспекторларымен көп сөйлескенін айтады. Айтуына қарағанда, инспекторлар мен шабандар арасында қызметіне адалдары да, керісінше браконьерлермен етене жұмыс істейтін “арамдары” да бар.

“Олар полицей-браконьерлерді қалай қолға түсіргендерін айтып беретін. Әлгілер алдымен қоқан-лоққы көрсетіп, кейін: “Бізге не істей аласыңдар, малшылар?” деп мазақ етіп кетеді екен. Кейін шартты жаза алып, бостандыққа шығып, бетке күліп кететіндері тағы бар.

Оларды қолға түсіру ісінің қалай жүзеге асатынын айтып беретін. Мысалы, түнде өшіп тұрған фарамен, сағатына 140 км жылдамдықпен мінсіз күйде жасақталған көліктердің артынан жүретін. Күндіз-түні қауіпке басын тігетін.

Инспекторлар үшін саусағының ұшын да қимылдатпайтын депутаттар жайлы айтатын. Қолға түскен браконьерлер төлейтін өтемақының ең болмағанда кішігірім үлесін инспекторларға беру туралы қозғамайтын. Олар ақша төлейді, шартты жаза алады да шығады, ал инспекторлар мардымсыз жалақы үшін күн сайын өмірлерін қауіпке тігеді”, – дейді Федоров.

Блогердің айтуынша, еңбектерін ескеріп, марапаттауға келгенде, инспекторлар шет қалады. Бұл орайда блогер табиғатты қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевке “Халық Қаһарманы” атағын беруді ұсынды. Қазақстандықтар оның бастамасын қолдай кетті. Сондай-ақ, тұрғындар оның отбасына материалдық көмек көрсету үшін шот ашуды ұсынды.

“Бұл адамның өз ісі үшін жанын бергені көрініп тұр. Осындай адамдар әлемді жақсарта түседі”,
“Жақсы аға, бойында сонша махаббат, нәзіктік пен ержүректік бар”,

“Мұны жай ғана қатігездік деуге болмайды. Сирек кездесетін жануарларды өлтіреді, ол аздай, енді адамдарды. Табиғатты қорғайтын мұндай адамдар расында да құрметке лайықты. Өкінішке қарай, ондай адамдар аз, енді оларды өлтіріп жатыр”,

“Отбасына көмек көрсету үшін шот ашу керек. Мен ақша аударуға дайынмын. Бейқам болмаңдар, бірдеңе жасайық”, “Күреске түскен екінші инспекторға да көңіл бөліп, қолдау көрсету қажет”, – дейді желі қолданушылары.

Айта кетсек, инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өмірі үшін дәрігерлер соңына дейін күресті. Алайда Нұрғалиев комада көз жұмды. Ал күні кеше аман қалған инспектор оқиғаның қалай болғанын айтып берген еді.

Check Also

Шыдамдылық пен ұстамдылықты балалардан үйренуіміз керек – омбудсмен Айтпаева

2019 жылы 16 мамырда Сенат депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі …