Home Қоғам Астаналық келіншек маса шағып алғаннан кейін қайтыс болды
Қоғам - 03.09.2018

Астаналық келіншек маса шағып алғаннан кейін қайтыс болды

Әлеуметтік желілерде 31 тамыз күні №1 қалалық ауруханада 28 жастағы Мақпал Еспенбетованың “Преднизолон” дәрісін салғаннан кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Stan.kz.

Марқұмның құрбысының мәліметінше, екі баланың анасы ауруханаға барар алдында маса шаққандықтан беті ісіп кеткен.

«Мақпал ауруханаға барды. Ол аллергиядан зардап шегетіндіктен, дәрігерден қандай дәрі қабылдау керектігі жөнінде кеңес алмақ болды. Оның күйеуі ауруханаға алып келіп, көлікте күткен. Мақпал кезек күтіп ұзақ отырды. Күйеуімен де сөйлескен. Алайда біраз уақыттан кейін күйеуіне қоңырау шалып, әйелінің қайтыс болғанын хабарлаған», – деп жазды марқұмның құрбысы Бибен Жүнісова әлеуметтік желіде.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов та аталған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қайғылы оқиғаның тергелуін өз бақылауына алғанын мәлімдеді.

«Марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Аталған оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары және Денсаулық сақтау министрлігімен тергеу басталды. Мен аталғандай жағдайды өзімнің жеке бақылауыма аламын. Өкінішке орай, анафилаксиялық шоктан ешкім сақтандырылмаған. Алайда бекітілген стандарттарға сәйкес толық көлемде көмек көрсетілуі тиіс. Әділ тексеріп, ақпарат береміз», – деп жазды Біртанов Facebook желісіндегі парақшасында.

Сурет: Әлеуметтік желіден

Check Also

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездес…