Home Басты жаңалық Алик Шпекбаев: Меморгандар Президент тапсырмасын қасақана елемей ме?!.

Алик Шпекбаев: Меморгандар Президент тапсырмасын қасақана елемей ме?!.

Елімізде қызметкерлері нормадан артық жұмыс істеген мемлекеттік органдардың басшылары жазаланатын болады. Бұл жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екі айдың ішінде барлық мемлекеттік аппаратта нормадан тыс жұмыс істеуге жол бермеуге қатысты ауқымды  түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өткен апта бойы азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен бірге барлық орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерде кестенің сақталуына көшпелі мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде 113 бұзушылық анықталды. Олардың арасында көш бастап отырғандар: Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктері, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстарының әкімдіктері», – деп жазды Алик Шпекбаев Фейсбуктегі парақшасында.

Осы ретте агенттік басшысы: «Аталған мемлекеттік органдар проблеманың қаншалықты күрделі екендігін түсінбегені немесе Президенттің тікелей тапсырмасын елемегені ме?» деп сауал қояды.

«Еңбек заңнамасын бұзғандарға қатысты шара қолдану үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының атына ұсыныс хат жолдадық. Бұған қоса, жүйелі сипатқа ие бұзушылықтар бойынша материалдарды тексеру жүргізіп, мемлекеттік органдар басшыларының әкімшілік жауапкершілігін қарастыру үшін еңбек инспекциясына материалдарды жібердік», – деді Алик Шпекбаев.

Оның атап өтуінше, қызметшілердің жұмыс орындарында сағат 18.30-дан кейін де болуы әкімшілік шығыстарды ұлғайтады.

«Агенттікте де мұндай проблема болған еді. Дегенмен, оны тез арада шеше алдық. Бірнеше тексеру жүргізіп, қорытындысында талапқа бағынбаған қызметкерлерді үстемеақыдан айырдық және олардың тікелей басшыларын жазаладық. Нәтижесінде менің қызметтестерім үйлеріне уақытылы кететін болды. Оларға 8 сағат жұмыс өздерінің міндеттерін тиімді әрі нәтижелі атқаруға жеткілікті. Осы тұрғыда Стив Джобстың «тәулігіне 12 сағат емес, баспен жұмыс істеу керек» деген сөзін келтіргім келеді. Мемлекеттік қызметтегі тиімсіз әрі пайдасыз еңбекқорларға барынша дәл келетін кеңес», – деді агенттік басшысы.

Check Also

Шыдамдылық пен ұстамдылықты балалардан үйренуіміз керек – омбудсмен Айтпаева

2019 жылы 16 мамырда Сенат депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі …